Мақта қозасы 1-2 нағыз жапырақ шығарғаннан бастап азоттық қорекке сұранысы көбейеді. Мақта қозасы енді қалыптасқан көк жапырақ кезеңінде топырақтан азотты сіңіруі қиын болып, бұл кейінгі кезеңдерде өсімдікке азоттың жетіспеуіне алып келеді. Аз уақыт арасында мақта қозасының өскіні тез жетіле отырып, оның өзекті сабағының биіктігі 14-16 сантиметрге дейін жетеді. Мақта қозасының осы жоғарғы өсімділігін сақтап тұру үшін, дер кезінде азоттық қорекпен қамтамасыз етіп отыру кажет. Толық фосформен қамтамасыз етілгеніне қарамай, азоттық қоректі беруді кешіктіру, мақта қозасының жетілуін кешіктіріп, соның салдарынан өнімділікті азайтады. Ерте кездегі өсіп-өну процессінің тоқтауы, кейінгі берілген көп мөлшердегі азоттық тыңайытқыштар мақта қозасының бойының тез өсуіне, өнім салатын шақтардың қаулауына әкеп соғады. Бұның соңы, гүлдеу кезеңін 8-9 күнге кешіктіреді. Азоттық қорекпен уақтылы керекті дәрежеде қамтамасыз етілгенде ғана, мақта қозасының гүлдеу және пісіп жетілу кезеңдері тездейді. Гектарына 35-40 центнер жоғары өнім алу үшін, мақта қозасы негізгі қоректік элементтермен (азот, фосфор, калий) қамтамасыз етілу керек. Бұл қоректік элементтердің 40-50 пайызы азоттық қорек болғаны жөн.