Жекпе-жек түрлеріне деген сүйіспеншілік қазақ халқының қанында бар. Ақсақалдар қауымы қазақ күресінің мәртебесін биік қойып, біздің заманымызға аман жетуіне себепкер болды. Ақын мен жыраулар жырына өзек болған, поэмалар мен эпостардың көркін келтірген нар тұлғалы балуандар өз жерінің даңқын арттырып, атағын аспандатты. Заман да, адам да өзгереді. Өмірлік құндылықтар да басқа арнаға бағыт бұрар. Бірақ, ұлттық дәстүр өзгермек емес. Қазақ халқының ұлттық спорты - қазақ күресі де ғасырдан ғасырға аман жетіп, ұлттық дәстүрдің бір тармағы ретінде сақталып келеді.Міне, сондықтан да, Қазақстан Барысы жобасы халықтық сипат алып, жанкүйерлердің ықыласына ие болды.